Қоғам

Астанада жаңа тұрғын үйлер маңындағы қоқыс үйінділері тұрғындарды алаңдатуда

Сурет: newtimes.kz

Елорданың Есіл ауданындағы жаңа тұрғын үй кешендерінің жанында үлкен қоқыс үйіндісі пайда болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба халықтың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұл аумақта жүк көліктерінің қоқысты заңсыз төгу фактілері жиі тіркеледі. Құқықбұзушылықтарды растайтын бейнематериалдар бар.

Полиция қызметкерлері мен Экология департаментінің мамандары заң бұзушыларды анықтап, оларға ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабына сәйкес шара қолданады. Қоқысты заңсыз төгудің алдын алу үшін әкімдік аумаққа тұрақты мониторинг жүргізеді.

Сонымен қатар, осы аумақта мобильді топ жұмыс істейді. Оның қызметкерлері айналаны бақылап, қоқыс әкелу және төгу фактілерін тіркейді. Анықталған бұзушылықтар туралы ақпарат Экология департаменті мен полицияға жіберіледі.

Әкімдік аталған аумақтағы жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. Егер құқықбұзушылық қайталанса, заң бұзушыларға қатысты көлік құралдарын тәркілеуге дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.

Көп оқылғандар