Басты тақырып

Астанада заңсыз ет өңдеу цехы анықталды: жағымсыз иіс пен шыбындар

Сурет: polisia.kz

Елордада полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде жеке тұрғын үйдің бірінде заңсыз жұмыс істеген ет өнімдерін өңдеу цехын анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тексеру барысында өндірістің ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүргізілгені анықталды. Дайын өнімдер қаланың жеке дүкендері мен дәмханаларына жеткізіліп отырған. Осылайша, бұл өнімдер кез келген уақытта елорда тұрғындарының үстеліне түсуі мүмкін еді.

Тексеру кезінде шығу тегі мен сапасы белгісіз 3 тоннадан астам ет өнімі табылды. Өнімдер санитариялық талаптарды өрескел бұза отырып өндіріліп, сақталған. Температуралық режим сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда болған. Өнімнің бір бөлігінде бүлінудің айқын белгілері байқалған: өткір жағымсыз иіс, шыбындар және тағамға жарамсыздықты көрсететін басқа да белгілер анықталған.

Анықталған барлық өнім жойылды. Полицияның жедел әрекетінің арқасында адам денсаулығына қауіп төндіретін ет өнімдерінің сауда орындарына түсуіне және тұрғындардың тұтынуына жол берілмеді.

Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Полиция санитариялық талаптарды бұза отырып азық-түлік өнімдерін заңсыз өндіру мен өткізудің азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін еске салады. Осындай заң бұзушылықтарға куә болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.

Көп оқылғандар