Сурет: видеодан алынған кадр
Астанада түнгі уақытта қала көшелерінде шу шығарып, жол қозғалысы ережелерін бұзған екі BMW жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысы 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
20 жастағы екі азамат көліктерін басқарып келе жатып, жол қозғалысы ережелерін бұзған. Олардың бірінің автокөлігіне шығару жүйесінің құрылымын заңсыз өзгерту арқылы қайта жабдықтау жүргізілген. Соның салдарынан көліктің қатты дыбысы түнгі тыныштықты бұзып, қала тұрғындарының наразылығын тудырған.
Полиция құқық бұзушыларды дереу тоқтатып, екеуіне қатысты көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау және маневр жасау қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Сондай-ақ олардың көліктері коммуналдық айып тұрағына қойылды.
Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жас жігіттер ұсақ бұзақылық бабымен жауапқа тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция көлік құралдарының конструкциясын заңсыз өзгертуге заңмен тыйым салынғанын еске салып, әсіресе түнгі уақытта әдейі шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын әрекеттерге қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға шақырды.
Еске салайық, кеше Көлік министрлігі автокөлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады. Жазғы маусымда республикалық жолдар мен демалыс аймақтарында көлік қарқындылығы артуына байланысты жүргізушілерге жылдамдықты сақтап, басып озу ережелерін қатаң орындау, шаршаған күйде көлік тізгініне отырмау және балалардың қауіпсіздігін (белдік, арнайы құрылғы) қамтамасыз ету ескертілді.
Мазмұнға өту
