Қоғам

Астанада такси жүргізушісі Дубай туралы әзілі үшін жазаланды

Сурет: Яндекс такси

Астанада такси жүргізушісі жолаушыға Дубай туралы әзіл айтып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға елорда тұрғыны сауда ойын-сауық орталығынан такси шақырған кезде болған. Жолда жүргізуші маршрут өзгергенін айтып, әуежайға бара жатқанын мәлімдеген.

Жолаушы себебін сұрағанда, жүргізуші «Дубайға барамыз, сонда қаласыз» деп жауап берген. Бұл әзілден қорыққан қыз көлікті тоқтатуды талап етіп, жол бойында түсіп қалған. Кейін ол такси сервисінің қолдау қызметіне шағымданған.

Такси агрегаторы жүргізушінің әрекетін орынсыз деп бағалап, сапар ақысын қайтарған. Сондай-ақ жүргізушіге шара қолданатынын айтып, жолаушыға құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берген.

Полиция жүргізушіні жедел анықтап, оны қоғамдық орында тиісу, яғни адамдарға орынсыз әрі мазасыз түрде жүгінгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Полицейлер онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескерткен.

Айта кетейік, Алматыда жолаушы такси жүргізушісін ойыншық тапаншамен қорқытқан. Көліктің артқы орындығында отырған жолаушы тапаншаға ұқсас затпен жүргізушіні қорқытып, өзін көрсетілген мекенжайға жеткізуді талап еткен.

Көп оқылғандар