Сурет: Астана қаласының әкімдігі
Биыл қыс мезгілінде Астананың барлық аудандарында мұз айдындары мен сырғанақтар халыққа қызмет етеді. Қысқы демалыс орындары саябақтарда, қоғамдық кеңістіктерде және тұрғын алаптарда ұйымдастырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдегендей, Есіл өзенінің жағалауы мен Оқушылар сарайының маңында мұз айдындары ашылады. Сарыарқа ауданында 13 сырғанақ салынады. «Көктал» саябағы мен «Оқжетпес» гүлзары да қысқы демалыс орындарына айналады.
Есіл ауданындағы Abu Dhabi Plaza кешенінің жанында Astana Winter Park жұмыс істейді. Оның ұзындығы 1,4 шақырым, мұз жабынының жалпы ауданы шамамен 6 мың шаршы метр. Келушілер шеңбер бойымен ғана емес, ұзын мұз жолымен де сырғанай алады. Мұнда жылы павильондар, коньки жалға беру орындары және отбасылық демалыс аймақтары қарастырылған. Арнайы салқындату жүйесі ауа райы жылынған кезде де мұзды сақтауға мүмкіндік береді.
Сарайшық ауданында «Қазақ елі» алаңында, Жүргенов көшесінде және Президенттік саябақта мұз айдындары ашылады. Алматы ауданындағы Триатлон саябағында ауданы 1 200 шаршы метр Triathlon Ice Park салынып жатыр. Мұнда коньки жалға беру, жылынып демалу және тамақтану орындары болады. «Құмыра» аумағында, «Жерұйық» және «Жастар» саябақтарында да қысқы демалыс алаңдары ұйымдастырылады.
Байқоңыр ауданында «Ататүрік» саябағы мен «Жастар» сарайының маңында мұз айдындары әзірленіп жатыр. Өндіріс, Кірпішті, Қазқалашық тұрғын алаптарында және Қоянды саяжай алабында сырғанақтар орнатылады. Барлығы тоғыз орын қамтылады. Нұра ауданында мұз айдыны «Астана Арена» стадионының маңында ашылады.
«Қазір елорданың қоғамдық кеңістіктерін қысқы маусымға дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Табиғи мұз құю жұмысы күн суытқаннан кейін басталады. Қосымша демалыс орындары мен олардың ашылу мерзімі туралы ақпарат дайындық аяқталған сайын жарияланады. Жоспарға сәйкес, қысқы демалыс орындары қаланың орталығымен шектелмей, тұрғын алаптарда да ашылады», делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, биыл елордада 1 мамыр күні «Мұз айдынындағы чемпиондар» атты ауқымды мұз шоуы өтіп, оған 9 мыңнан астам көрермен жиналды.
Мазмұнға өту
