Сурет: ашық дереккөз
5 қыркүйектен бастап Астанада тұрғылықты жері бойынша тіркеуге жаңа талап енгізіледі. Енді әрбір тіркелген адамға кемінде 15 шаршы метр пайдалы алаң қажет, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл норма тұрақты және уақытша тіркеуге де қолданылады. Яғни шағын пәтерлерге бөгде адамдарды жаппай тіркеуге жол берілмейді.
Алайда, ерекшелік бар: тұрғын үй иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстары үшін бұл талап қолданылмайды. Олар пәтер көлеміне қарамастан тіркеле алады.
Жаңа ереже бір мекенжайға ондаған, тіпті жүздеген адамды тіркеу жағдайларының алдын алуға бағытталған. Талап 2026 жылғы 5 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
