Қоғам

Астанада өткен IOAI 2026 халықаралық ЖИ олимпиадасы өз мәресіне жетті

Сурет: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Астанада мектеп оқушылары арасындағы жасанды интеллект бойынша әлемдегі ірі жарыстардың бірі — III Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасы (IOAI 2026) аяқталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2-8 тамыз аралығында өткен бәйгеге әлемнің 106 елінен 500-ге жуық қатысушы жиналды. Бұл деңгейдегі жарыс Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылды.

Бір апта бойы жас зерттеушілер машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің басқа да бағыттары бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар қатысушыларға білім беру, ғылыми және мәдени бағдарламалар ұсынылды.

Олимпиаданың маңызды кезеңдерінің бірі Team Challenge болды. Оның барысында халықаралық командалар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, практикалық міндеттерді бірлесіп шешті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, олимпиадаға 100-ден астам елдің қатысуы жасанды интеллект саласындағы бәсекенің жаһандық деңгейге шыққанын көрсетеді.

«Біз үшін мұндай деңгейдегі халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының алғаш рет Қазақстанда өткені және отандасымыздың абсолютті жеңімпаздар үштігіне еніп, екінші орын алуы ерекше маңызды», деді Жаслан Мәдиев.

IOAI 2026 жеке турының қорытындысы бойынша бірінші орынды Ресейден келген Артем Горохов иеленсе, екінші орынға отандасымыз Даужан Бекетов жайғасты. Ал үшінші орынға қытайлық Шао Цзыси тұрақтады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы аталған олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген болатын.

Көп оқылғандар