Сурет: Depositphotos.com
Астанадағы автотұрақта болған өртке қатысты сот екі тараптың да кінәсін мойындап, жауапкерден 1,6 млн теңгеден астам өтемақы өндірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 2025 жылдың мамырында елордадағы тұрақта болған. Жауапкер көлігінде темекі шегіп, сөндірілмеген сіріңкені терезеден лақтырған. Ол жанында тұрған Audi A6 көлігіне түсіп, өрт тудырған.
Іс Тараз қалалық сотында қаралды, себебі көлік иесі сол жақта тұрады. Сараптама бойынша, келтірілген шығын 2,9 млн теңгеден асты. Өрт сәті бейнекамераға түскен. Сарапшылар өрттің газ-баллон жабдығынан тараған газ-ауа қоспасының тұтануынан болғанын, ал тұтану көзі — лақтырылған сіріңке екенін анықтады.
Жауапкерге қатысты қылмыстық іс қасақана әрекет болмағандықтан тоқтатылды, ал әкімшілік іс мерзімі өткендіктен қысқартылды. Бірақ ол азаматтық жауапкершіліктен босамады.
Сот өртенген көлік иесінің де кінәсін анықтады: газ жүйесі орнатылған көлікті ұзақ уақытқа қалдырғанда өрт қауіпсіздігі сақталмаған, бұл газдың сыртқа шығуына әкелген.
Сот екі жақтың да кінәсін ескеріп, талапты ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден 1,6 млн теңгеден астам шығын өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.
Мазмұнға өту
