Сурет: threads.com/@zeineladilet
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы кейінге қалдырылды. Бұл туралы Астана сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сот отырысы 24 тамыз, дүйсенбі күні сағат 10:00-де өтуі тиіс еді. Алайда соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыстың кейінге шегерілуіне техникалық себептер түрткі болған. Келесі сот отырысының нақты күні, уақыты мен өтетін орны қосымша хабарланады.
Еске салайық, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 18 тамызда басталды. Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болды. Тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде оқиға орнына медициналық көмек көрсету үшін барған екі фельдшердің үстіне кондиционер құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні ауруханада қайтыс болған еді.
Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Ал 2025 жылғы желтоқсанда Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына фельдшерге арналған ескерткіш тақта орнатылды.
Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы («Міндеттеріне адал қарамау») бойынша қаралып жатыр. Аталған бап бойынша Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға жауапкершілік қарастырылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, МИБ төрағасы үйдің қасбетіндегі ақаулардан хабардар болғанымен, қажетті жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған. Алайда бұған дейінгі сот отырысында Сәуле Жұбаниязованың жаңа адвокаты сотталушының құқықтары шектеліп отырғанын айтып, судьяға қарсылық білдірді.
Мазмұнға өту
