Басты тақырып

Астанада екі науқастан шошқа тұмауы расталды

Сурет: ашық дереккөз

Астанада жедел респираторлық вирустық инфекция белгілерімен ауруханаға жатқызылған 18 және 19 жастағы екі адамнан тұмау вирусы табылды. Диагноз ПТР әдісімен расталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жөнінде елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева хабарлады.

Науқастардан A(H1N1)pdm09 тұмау вирусы анықталған. Бұл вирус 2009 жылы пандемия тудырған «шошқа тұмауы» деп аталады. Қазіргі кезде ол маусымдық тұмауға қарсы вакциналардың құрамына кіреді.

Мамандардың айтуынша, тұмаудың негізгі белгілері: дене қызуының кенет көтерілуі, қалтырау, қатты әлсіздік, бұлшықет сырқырауы, құрғақ жөтел немесе тамақ ауруы, бас ауруы және мұрын бітелуі.

Эпидемиологиялық маусым басталғаннан, яғни 2025 жылғы 29 қыркүйектен 2026 жылғы 13 қыркүйекке дейін Астанада 313 173 ЖРВИ жағдайы тіркелген. Бұл өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 есе көп. Ал 10–16 қыркүйек аралығында елордада 3 973 адам ЖРВИ жұқтырған, оның 2 323-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

Тұмаудың алдын алу үшін қалада 169 005 доза вакцина сатып алынған. Екпе салу жұмысына емханалар, амбулаториялар және отбасылық денсаулық орталықтарын қоса алғанда, 41 медициналық ұйым қатысады.

Айта кетейік, Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова тамыз айында тұмауға қарсы иммундау науқанын 15 қыркүйектен бастап өткізуді көздейтін қаулыға қол қойған болатын. Алайда вакциналарды тіркеу рәсімдеріне байланысты препараттарды жеткізу мерзімі өзгеріп, екпе науқаны белгіленген уақытта басталмады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталатынын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар