Қоғам

Астанада бала отырған арба автобустың есігіне қысылып қалған

Сурет: ЖИ көмегімен жасалды

Астанада №54 автобустың есігіне бала отырған арбаның дөңгелегі қысылып, арба аударылып, бала жерге құлаған. Жолаушының айтуынша, жүргізуші есікті ашпай, автобусты жүргізіп кеткен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Елордалық тұрғын оқиға жайында Threads желісінде баяндаған. Оқиға 2 қыркүйек күні «Рэдисон» аялдамасында болған. Ол баласын арбаға отырғызып, автобусқа мінуге әрекеттенген кезде салондағы жолаушылар арбаны көтеруге көмектескен.

Алайда әйелдің сөзінше, жүргізуші есікті жаба бастаған. Жолаушы тоқтатуды сұрағанымен, есік жабылып, арбаның алдыңғы дөңгелегін қысып қалған. Осыдан кейін автобус қозғалып кеткен. Дөңгелек есіктен босап шыққан кезде арба баламен бірге аударылып, жерге құлаған.

Әйелдің айтуынша, бала жарақат алмағанымен, қатты қорыққан. Сондай-ақ ол жүргізуші оқиғадан кейін автобусты тоқтатпағанын айтқан.

Жолаушы болған жағдайға байланысты 109 қызметіне және City Transportation Systems (CTS) компаниясына өтініш берген. Ол жүргізуші мен тасымалдаушыны анықтап, автобустағы бейнекамера жазбаларын тексеруді және оқиғаға куә болған адамдарды табуды сұраған.

CTS өкілдері қазір автобустағы бейнебақылау жазбаларын тексеріп жатқанын хабарлаған. Компания мәліметінше, №54 бағытқа №7 автобус паркі қызмет көрсетеді.

Көп оқылғандар