Сурет: ашық дереккөзден
15-17 қазан аралығында Астанада жүзуден әлем кубогінің кезеңі – World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 алғаш рет ұйымдастырылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биыл World Aquatics әлем кубогінің бірыңғай бағыты аясында Еуразияның үш қаласын – Баку, Ташкент және Астананы біріктірді. Турнир сериясы тарихи Ұлы Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталды.
Серияның алғашқы кезеңі 1-3 қазан аралығында Бакуде, екіншісі 8-10 қазанда Ташкентте өтеді. Ал жарыс 15-17 қазанда Астанадағы кезеңмен қорытындыланады.
Астана кезеңінің бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 17-ден, барлығы 34 жеке жарыс түрі кіреді. Сонымен қатар спортшылар эстафеталарда бақ сынайды.
Жарысқа әлемнің үздік жүзушілері, соның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері және қазіргі әлем рекордшылары қатысады.
Жалпы, Silk Road Tour сериясының үш кезеңіне 50-ден астам елден 750-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Турнир сериясының жалпы жүлде қоры 1,2 млн АҚШ долларын құрайды.
