Басты тақырып

Астанада әйел дәретханада босанып, сәбиді кәрізге ағызған

Сурет: Egemen Qazaqstan

Threads әлеуметтік желісінде Астана тұрғынының жазбасы кеңінен талқылануда. Онда үйлердің жанында орналасқан қонақүйге қатысты мәселелер көтерілген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әйелдің айтуынша, тұрғындар бірнеше жылдан бері шу, жанжал және басқа да оқиғаларға байланысты полицияны жиі шақырады. Алайда жағдай әлі күнге дейін өзгермеген.

«Астанадағы тыныш тұрғын ауданымызда бірнеше жыл бұрын үйдің дәл іргесіне қонақүй салынды. Құрылыс кезінде барлық мүмкін болатын нормалар бұзылды. Содан бері әр түн сайын осы мекеменің ашық терезелерінен шығатын айқай мен басқа да дауыстарды естуге мәжбүрміз. Ал қарсы беттегі тұрғындар мұны естіп қана қоймай, өз көздерімен де көреді. Мұның бәріне балалар да, қарттар да куә болып жүр», деп жазды тұрғын.

Оның айтуынша, ең сұмдық оқиға осы айда болған. Қонақүйге келгендердің бірі нөмірдегі дәретханада босанып, кейін сәбиді кәріз құбырына ағызып жіберген. Түнгі сағат үштер шамасында қылмыстық іздестіру қызметкерлері кәріз жүйесінен мәйіт табылғаннан кейін тұрғындарды оятып, көмек сұраған.

Жазбада бұған дейін де қонақүй маңында басқа да жантүршігерлік оқиғалар болғаны айтылған. Автордың сөзінше, тұрғындар бірнеше рет полицияға және учаскелік инспекторға шағымданғанымен, жағдай айтарлықтай өзгермеген. Ол бұл мәселеге қоғам назарын аударуға шақырды.

Астана қаласының полициясы кәріз жүйесінен мәйіттің табылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлға анықталған. Сонымен қатар қонақүй әкімшілігіне құқық бұзушылықтың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді. Нысан басшылығымен келушілердің қоғамдық тәртіпті сақтауын күшейту қажеттігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Көп оқылғандар