Сурет: ашық дереккөз
Астанада 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Оның аясында елордадағы 8 500-ден астам оқушыға рюкзак пен оқу құралдары тегін табысталады. Акция әлеуметтік осал отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға бағытталған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биыл демеушілердің қаржысына аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары, жетімдер және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылар көмек алады. Оларға мектеп рюкзактары мен оқу құралдары беріледі.
Қазір елорданың білім беру мекемелерінде акция шеңберінде жұмыс жүріп, мұқтаж балалардың тізімі нақтылануда.
Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдау Жалпыға бірдей міндетті оқу қоры арқылы да көрсетіледі. 2026 жылы бір оқушыға берілетін материалдық көмек мөлшері 50 851 теңгені құрайды.
Қаражат Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысында белгіленген әлеуметтік осал бес санатқа жататын балаларға тағайындалады. Ата-аналар мен заңды өкілдер мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өз қалауы бойынша сатып алуы үшін ақша олардың есепшоттарына аударылады.
Қазір елордалық мектептерге материалдық көмек алуға 5 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініштерді қабылдау мен қарау жалғасуда.
Сонымен қатар 2–31 тамыз аралығында Астананың барлық ауданында мектеп жәрмеңкелері өтеді. Онда мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары және оқу жылына қажетті басқа да өнімдер қолжетімді бағамен ұсынылады.
Қалада «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясы да ұйымдастырылады. Оның аясында аудан әкімдіктері мектеп құралдары мен оқу жабдықтарын жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатады.
«Мектепке жол» акциясы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылына қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
Еске салайық, жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына жасанды интеллект енгізіледі. Бұл жұмыс 2025 жылғы педагогтердің тамыз конференциясында Президенттің берген тапсырмасына сәйкес қолға алынып, сол жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Мазмұнға өту
