Сурет: Integra Construction KZ
Астананың Есіл ауданында Президенттік кітапхана маңында көлік тоннелінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Болашақ тоннельдің ұзындығы 800 метрді құрайды. Жаңа жолда екі бағытты төрт жолақ қарастырылған.
Құрылыс алаңында асфальт жабыны мен инфрақұрылымның бір бөлігі алынып тасталды. Қазір инженерлік желілер көшіріліп, кәріз жүйесі жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бұрғыланып құйылатын қадаларды орнату жұмыстары басталған.
Құрылысты 2027 жылы аяқтау көзделіп отыр. Жобаның бас мердігері ретінде Integra Construction KZ таңдалған. Ал құрылыс жұмыстарын ірі көлік инфрақұрылымы жобаларын жүзеге асыратын қытайлық China Road and Bridge Corporation (CRBC) компаниясы жүргізіп жатыр.
Жүргізушілер үшін негізгі өзгеріс 15 тамыздан басталады. Осы күннен бастап Алматы көшесінің Мәңгілік Ел даңғылынан Түркістан көшесіне дейінгі бөлігі 2026 жылдың соңына дейін көлік қозғалысына толық жабылады.
Жоба жүзеге асқаннан кейін Алматы көшесінің осы бөлігіндегі көлік қозғалысы тоннель арқылы ұйымдастырылып, оның үстінде жаяу жүргіншілерге арналған абаттандырылған кеңістікке пайда болады.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Түркістан және Жамбыл облыстарын байланыстыратын 840 метрлік еліміздегі ең ұзын тоннель пайдалануға берілді. Автомобиль жолдары саласындағы бірегей нысан Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бойында орналасқан.
Мазмұнға өту
