Қоғам

Астанада 51 адамды алдаған құрылыс компаниясының қызметкерлері сотталды

Сурет: Depositphotos.сom

Астанада «Qyran» тұрғын үй кешенінің үлескерлерін 3 миллиард теңгеге алдаған құрылыс компаниясының қызметкерлері сот үкімімен жазаланды. Бұл туралы қаланың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сот алдына компанияның 4 қызметкері келді. Олар клиенттерден пәтерлерді, коммерциялық емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын сату үшін ақша алған, алайда іс жүзінде өз міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде сотталушылар 51 жәбірленушіге 3 миллиард теңгеден астам шығын келтірген.

«Сонымен қатар, сотталушылар жалған сатып алу-сату шарттарын жасасу арқылы ЖШС-ның ақшалай қаражатын жымқырған. Бұл ретте клиенттерден алынған 3 миллиард теңгеден астам қаражат компанияға түспеген. Салдарынан аса ірі мөлшерде залал келтірілді», деп түсіндірілді сот барысында.

Қызметкерлерге мынадай айыптар тағылған: алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, қызмет бабын пайдаланып және аса ірі мөлшерде жүзеге асырылған алаяқтықты ұйымдастыру және оған көмектесу; алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған, қызмет бабын пайдаланып және аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ысырап ету; ақпаратты жасырын алу үшін арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатып алу және пайдалану.

Сотталушылар мен қорғау тарапы тағылған айыптармен келіспей, оларды ақтауды сұраған. Ал жәбірленушілер келтірілген шығын өтелмегендіктен, қатаң жаза тағайындауды сұраған.

«Жасалған қылмыстың мән-жайы мен ауырлығын, жәбірленушілерге келтірілген залалдың өтелмегенін және сотталушылардың кінәсін мойындамағанын ескере отырып, сот оларға қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 8 және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, 10 жыл мерзімге жылжымайтын мүлікті сатуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ», делінген хабарламада.

Бұған дейін Семейде үлескерлерді 3 млрд теңгеге алдаған құрылыс компаниясының басшылары сотталғаны туралы хабарлаған едік. Сонымен қатар, былтыр Қарағанды облысында құрылыс компаниясының басшысы құрылыс жүргізуге уәкілетті органның рұқсатынсыз, тұрғын үй кешенін салу үшін 51 азаматтан ақша алған.

Көп оқылғандар