Қоғам

Астанада 35 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

Сурет: gov.kz

Астанада 2026-2027 оқу жылына бірінші сыныпқа қабылдау науқаны жалғасуда. Құжаттарды қабылдау 28 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жүреді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап Egemen.kz.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта 30 мыңнан астам бала қабылданған. Жаңа оқу жылының басына дейін елорда мектептеріне 35 мыңға жуық бүлдіршін баруы күтілуде.

Ата-аналар құжаттарды «электрондық үкімет» порталы – www.egov.kz арқылы онлайн тапсыра алады. Сондай-ақ, құжаттарды мектепке барып, қағаз түрінде де өткізу мүмкіндігі бар.

Бірінші сыныпқа қабылдау үшін қажетті құжаттар: ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші; «Профилактикалық екпелер картасы» (№065/у); «Бала денсаулығының паспорты» (№052-2/у); баланың 3×4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуреті.

Құжаттарды қағаз түрінде тапсырған кезде ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлігінің көшірмесі қоса ұсынылады. Толық ақпаратты ата-аналар тұрғылықты жері бойынша мектептерден немесе электронды порталдардан ала алады.

Көп оқылғандар