Қоғам

Астанада 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салынады

Сурет: ашық дереккөз

Астанада 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынады. Енді олар тек велосипед жолдарымен немесе веложолақтармен жүре алады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Егер мұндай жолдар болмаса, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Жолдың жүру бөлігіне шығу үшін жүргізушінің жасы 18-ден асуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы және қорғаныс шлемін киюі міндетті. Түнде жарық шағылыстыратын элементтерді тағу қажет.

Жекелеген талаптар 1 шілдеден бастап күшіне енді. JET қосымшасына тіркелу кезінде пайдаланушының ЖСН-і мен жасы тексеріледі. 18 жасқа толмағандардың сервиске кіруіне тыйым салынады.

Сондай-ақ, ата-анасы баласына берген аккаунттар және бір самокатпен екі адам жүрген жағдайда аккаунттар бұғатталады. Электросамокаттардың рамасы мен артқы қанатына сәйкестендіру нөмірлері қойылады. Компанияның мәліметінше, бұл нөмірлер бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы нақты самокатты анықтауға мүмкіндік береді.

Пайдаланушыларға электросамокаттарды тротуардың ортасына, жолдың жүру бөлігіне, велосипед жолдарына және автокөліктерге арналған тұрақ орындарына қалдыруға тыйым салынады. Талаптарды бұзған жағдайда айыппұл салу немесе аккаунтты бұғаттау шаралары қарастырылған.

Көп оқылғандар