Сурет: Pexels
Биыл көктемде елордалық полиция қызметкерлері есірткі таратты деген күдікпен 15 жастағы мектеп оқушысын ұстады. Тергеу барысында жасөспірімнен жасырын орындарға қалдыруға арналған 70-тен астам есірткі орамы табылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Астана қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің айтуынша, жасөспірім есірткіні «жасырын қойма» (закладка) әдісімен таратқан.
«Бұл полиция қызметкерлері үшін қуанатын жағдай емес. Бұл – қоғамға, құқық қорғау органдарына, мұғалімдер мен психологтарға ортақ үлкен мәселе», – деді Ә. Әбілдин.
Оның сөзінше, ұсталған оқушы есірткінің зияны мен оны таратудың салдары түсіндірілетін профилактикалық іс-шараларға қатысқан. Дегенмен, ол есірткі ортасына тартылып кеткен.
«Ол оның барлық салдарын білетін сияқты. Бірақ неге бұлай жасады? Азғыру ма? Менің ойымша, мәселе оның араласқан ортасында. Қандай ортаға тап болса, өмірінің бағыты да соған қарай өзгереді», – деді Әбіл Әбілдин.
Полиция өкілінің айтуынша, қыздың сыныптастары бұл оқиғаға салқынқанды қарап, одан алшақтаған.
Мазмұнға өту
