Басты тақырып

Астана мен Мәскеу жаһандық логистиканы бірлесіп дамытуда

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы XXII Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбы қаласына барды. Бұл сапар Қазақстанның сыртқы саясаттағы прагматикалық ұстанымы мен өңіраралық байланысын көрсетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Форумның Омбыда өтуі маңызды, себебі бұл аймақ Қазақстанмен сауданы қарқынды дамытып, үш облыспен шектеседі. Қазақстан Омбы облысының сыртқы сауда айналымының 30%-дан астамын құрайды. Биыл қаңтар-сәуір аралығында тауар айналымы 17%-ға өсіп, 136 млн долларға жетті. Қазақстан Омбыға 33 млн доллар экспорттаса, Омбыдан 103 млн долларлық өнім жеткізілген.

Омбының көлік-логистика әлеуеті жоғары, өйткені қала Ертіс пен Ом өзендерінің тоғысында орналасқан. Қытай, Қазақстан және Ресей Ертіс өзеніндегі көлік қатынасы мен жүк тасымалын бірлесіп дамытуға ниетті. Сапар барысында Ертіс өзенінің табанын тереңдету және инфрақұрылымын жақсарту мәселесі көтерілді.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы Марат Рамазановтың айтуынша, Омбы облысы өңірлермен сауданы белсенді жүргізіп келеді.

Форумның Омбыға қайта оралуы символдық қана емес, тұжырымдамалық сипатқа ие. Дәл осы жерде 2003 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы заманауи өңіраралық ынтымақтастықтың институционалдық негізі қаланды. Бұл формат жоғары саяси деңгейде қабылданатын шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыру құралы ретінде тиімділігін дәлелдеді, — дейді сарапшы.

Омбымен байланыс сауда-экономикамен шектелмейді, екі елдің рухани ынтымақтастығы мен мәдени бауырластығы нығаюда. Ұлы Отан соғысы жылдарында қос халықтың бастан кешкені ортақ. Осы қалада майданда жараланған қазақтар ем алып, туған жерге оралды.

Мемлекет басшысы сапарын Омбы госпиталі ғимаратын аралаудан бастады. Мұнда 1945 жылы ауыр жарақаттан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев ем алған. Президент ғимарат қасбетіндегі Кемел Тоқаевтың ескерткіш тақтасына гүл шоғын қойып, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың рухына тағзым етті.

Мемлекет басшысы Владимир Путинге Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский бейнеленген картинаны сыйға тартты. Бұл екі тұлғаның достығы қазақ-орыс мәдени жақындығының белгісі ретінде белгілі.

Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылдан бері өтіп келеді. Биылғы форумға қазақстандық делегацияның қарасы көп болды. Мемлекет басшысымен бірге орталық мемлекеттік орган басшылары, шекаралас облыстардың әкімдері, бизнес қауымдастық пен салалық компания өкілдері барды.

Форум «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналды. Қазақстан мен Ресей арасындағы 7,5 мың шақырымнан астам құрлық шекарасы екі елді Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын табиғи көпірге айналдырған.

Басты жаңалық цифрлық платформа болды. Қазақстан мен Ресей тауар айналымы мен өнімнің шығарылған жерін растауға мүмкіндік беретін цифрлық таңбалау жүйесін енгізуі мүмкін. Осы мақсатта Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасы мен AI Jol цифрлық жобасы таныстырылды. Сондай-ақ кеден бекеттерін жаңғырту, теміржол, авиация, автокөлік инфрақұрылымын дамыту ұсынылды.

Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы цифрлық логистика, электрондық құжат айналымы, зияткерлік көлік жүйелері, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект технологиялары салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтеді. Соның нәтижесінде цифрлық трансформация экономикалық бағытын қамтитын негізгі элементке айналуда, — деп қосты Марат Рамазанов.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей Еуразияның заманауи көлік-логистикалық архитектурасын қалыптастыруда жетекші рөл атқаруы керек деген пікір айтты.

Көп оқылғандар