Қоғам

Астана мектептеріндегі сыныптардың толу себебін министр түсіндірді

Сурет: оқу ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елорда мектептеріндегі сыныптардың шамадан тыс толуын жоғары көші-қон ағыны мен демографиялық өсіммен байланыстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Астанадағы №95 лицейде бір сыныпта 47 оқушы оқитыны белгілі болған. Үкіметтегі брифингте министр биыл елордада 12 қосымша мектеп салу жоспарланғанын мәлімдеді.

«Бұл жоғары көші-қон ағыны мен демографиялық көрсеткіштердің өсуіне байланысты. Жыл сайын оқушы орындарына деген қажеттілік шамамен 30 мыңға артып келеді. Сондықтан жылына кемінде 7–8 жаңа мектеп салуға тура келеді. Биыл, қателеспесем, 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осылайша мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеміз», деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, Астанада оқушыларға қолайлы жағдай жасалған заманауи мектептермен қатар, халықаралық стандарттарға сай жаңа форматтағы білім беру ұйымдары да салынып жатыр.

Сонымен бірге биыл министрлік 380 мың бірінші сынып оқушысын қабылдауды жоспарлаған. Алайда оқу жылы басталғалы мектептерге 391 мың бала келген.

Қазіргі таңда ел бойынша оқушы орындарының тапшылығы шамамен 200 мыңды құрайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 257 мыңға жеткен.

Көп оқылғандар