Сурет: ашық дереккөзден
«Астана» футбол клубы негізгі құрамдағы бірнеше ойыншыға келісімшарт бойынша қарызы барын растады. Футболшылардың ұжымдық өтініші клуб басшылығына жолданған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Клуб басшылығы команданың жағдайын түсінетінін және қаржылық қиындықтарға қарамастан жаттығуын жалғастырып, ресми ойындарға қатысып жүрген футболшылар мен жаттықтырушылар штабының кәсібилігін жоғары бағалайтынын білдірді.
Клуб өкілдері ойыншылардың «Астана» командасы мен елорданың абыройын лайықты қорғап жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, 2016 жылы осы аттас «Астана» кәсіби футбол клубы банкроттығын жариялаған еді. Сонда клубтың 36 миллион теңге салық қарызы болған.
Сонымен қатар, елордада Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» клубының ресми академиясы – PSG Academy Kazakhstan ашылады. Осылайша, Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел болды.
