Сурет: Қостанай облысының әкімдігі
Арқалық әуежайына халықаралық IATA коды берілді. Бұл — мемлекет басшысының әуежайды реконструкциялау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 12 тамызда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) әуежайға AYK деген ресми код берді. Бұл бірегей код әуежайды әлемдік брондау жүйелеріне, әуе билеттерін рәсімдеуге, рейстер кестесіне және азаматтық авиацияның басқа да ақпараттық жүйелеріне қосуға мүмкіндік береді.
Бұл код бұрын да Арқалық әуежайында қолданылған, енді ол қалпына келтірілді. Айта кетейік, әуежай 1998 жылдан бері пайдаланылмаған. Бұған дейін әуежайға жұмысқа орналасу үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткен болатын. Енді әуежай ашылғанда конкурсқа қатысқан адамдар жұмысқа шығады.
Сонымен қатар, Қостанай облысының Арқалық қаласында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті ғимараты жаңартылды. Ол қайтарылған активтер есебінен жөнделді, жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрады.
Қазір Арқалық қаласының әкімдігі жүйелі жұмыс істеп жатыр. 2026–2028 жылдары өңірді дамытуға 165 миллиард теңге бағытталады. Оның 104 миллиард теңгесі республикалық және жергілікті бюджет есебінен, 61 миллиард теңгесі инвесторлар қаражаты арқылы қарастырылған.
Мазмұнға өту
