Қоғам

Ақын Бекжан Әшірбаев қайтыс болды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Әшірбаев 52 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, «Ленин жолы» ұжымшарында туған.

1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік бітірген. Сол жылдан бастап осы оқу орнында қызмет етіп, журналистика саласында айтарлықтай еңбек етті.

Әр жылдары ол «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы (2002-2006), «Azamat.kz» апталығы бас редакторының бірінші орынбасары (2005-2006), «Ел мен Жер» апталығының бас редакторы (2006), «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының орынбасары (2007), «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болған оның өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жас қазақ үні», «Azamat.kz», «Парасат» сияқты басылымдарда жарияланды. 2008 жылы «Жазушы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен «Қоңыр әуен» өлеңдер кітабы жарық көрді.

«Егемен Қазақстан» ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, оқырман қауымға көңіл айтады.

Көп оқылғандар