Басты тақырып

Ақмола облысында бірден бес теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Сурет: Бақтияр Жепенов

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысында бірден бес теміржол вокзалы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңартылған нысандар Ерейментау, Еркіншілік, Өлеңті, Державинск пен Жалтыр бекеттерінде ашылды. Ерейментау қаласында бұрынғы вокзал ғимараты 1953 жылы салынып, 70 жылдан кейін сүріліп, іргетасынан бастап заманауи талаптарға сай қайта тұрғызылды.

Ашылу салтанатына Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері қатысты.

Жаңа вокзалдың жалпы ауданы 710,22 шаршы метр, жағалау платформасының ұзындығы 446 метр, ал перронның ауданы 4092 шаршы метрді құрайды. Жолаушылар үшін автономды жылыту жүйесі, орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйесі орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жеке бөлме, ата-аналар мен балаларға арналған аймақ пен көзі нашар көретіндерге арналған тактильді навигация қарастырылған.

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың айтуынша, былтыр елімізде 124 теміржол вокзалын кешенді реконструкциялау жұмыстары басталды. Ақмола облысы бағдарламаға енген вокзалдар саны бойынша көш бастап тұр, өңірде 16 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр.

Қазір елімізде 124 теміржол вокзалын қайта жөндеу жобасы іске асырылып жатыр, оның 16-сы Ақмола облысында. Ерейментау стансасы арқылы тәулігіне тоғыз жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Бүгінгі таңда өңірде 12 жаңғыртылған вокзал пайдалануға берілді. Тамыз айының соңына дейін тағы үш вокзалды пайдалануға беру жоспарланса, Көкшетау қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады.

Көп оқылғандар