Басты тақырып

Анасын пышақтап Вьетнамға қашқан Қазақстан азаматы елге жеткізілді

Сурет: istockphoto.com

Анасын пышақпен жарақаттады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Вьетнамнан елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға былтырғы қарашада болған. Ер адам үйінде ішімдік ішіп, анасымен ұрысып қалған. Жанжал кезінде ол әйелге бірнеше рет пышақ жұмсаған. Осыдан кейін күдікті қылмыстық қудалаудан жасырынып, шетелге кеткен.

«Жедел-іздестіру шаралары кезінде оның Вьетнам Социалистік Республикасында жүргені анықталып, маусымда Дананг қаласында ұсталды. Содан соң Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды», делінген прокуратура хабарламасында.

Қазір күдікті тергеу изоляторында отыр. Оған тағылған айып бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Көп оқылғандар