Сурет: ҰОК
Қазақстан құрамасының спортшысы Анастасия Городко Аустрияның Хинтертукс мұздығында өткен фристайл-могулдан FIS Open халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әйелдер арасындағы жарыста ол 74,04 ұпай жинап, қарсыластарынан басым түсті. Екінші орынды жапониялық Мио Тани (71,41 ұпай) иеленсе, үздік үштікті тағы бір Жапония өкілі Марин Ито (70,66 ұпай) түйіндеді.
Бұл туралы Ұлттық Олимпиадалық комитет хабарлады.
Әйелдер бәсекесінде Қазақстан атынан Юлия Феклистова мен Юлия Мокина да сынға түсті. Феклистова 52,55 ұпаймен 13-орынға тұрақтаса, Мокина 25,63 ұпаймен 22-орынға жайғасты.
Ерлер арасындағы жарыста қазақстандықтардың ішінде үздік нәтижені Павел Колмаков көрсетті. Ол 72,34 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды. Федор Бугаков 66,49 ұпаймен оныншы, Максим Емельянов 65,69 ұпаймен 11-орынға тұрақтады. Семен Русаков 62,60 ұпаймен 13-орынды иеленді.
Сонымен қатар Даниил Коротков 20-орын, Ильнар Ибрагимов 21-орын, Алексей Дегтярев 24-орын және Дмитрий Пятаков 43-орын алды.
Ерлер арасындағы жарыста жапониялық Такэто Нисидзава 79,63 ұпаймен жеңімпаз атанды. Екінші орынды оның отандасы Иккэй Фудзимура (78,54 ұпай) иеленсе, тағы бір жапониялық Рема Хаяси (75,56 ұпай) үздік үштікті қорытындылады.
Айта кетейік, велоспорттан Әнел Тәшбай жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль иеленді.
Мазмұнға өту
