Сурет: X / Arthur Brand
Нидерландтық өнер саудагері Жак Гудстиккердің коллекциясынан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен картина ондаған жылдан кейін табылып, заңды мұрагерлеріне қайтарылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Амстердам көшелерінің бірінде қоқыс арасынан Нидерландтың Алтын ғасырына жататын ұрланған картина табылды. Бұл туралы өнер туындыларын іздестірумен айналысатын детектив Артур Бранд мәлімдеді. Оның айтуынша, шығарма заңды иелеріне қайтарылады.
Әңгіме Амстердамдағы Ньиве Керк шіркеуінің ішкі көрінісі бейнеленген диптих туралы. Мамандардың болжамынша, туындының авторы – нидерланд суретшісі Хендрик ван дер Бург. Картина бұрын белгілі өнер саудагері Жак Гудстиккердің жеке коллекциясында сақталған.
Артур Брандтың айтуынша, картинаны Амстердам тұрғыны Роберт ван дер Хук кездейсоқ тауып алған. Ол De Telegraaf газетіне жұмысқа бара жатқан жолда канал жағасындағы қоқыс үйіндісінің арасынан картинаны байқап қалған.
«Ол көшені тазалау қызметі алып кетуге дайындаған қоқыстың арасында жатты. Лақтырып тастауға қимай, өзіммен бірге алып кеттім», – деді Роберт ван дер Хук.
Артур Бранд De Telegraaf газетінің журналисі Йон ван ден Хевелмен бірге картинаны Гудстиккердің заңды мұрагерлеріне табыстайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол бір ай бұрын Гудстиккердің коллекциясынан тағы бір картинаның табылғанын еске салды. Бұл шығарма да нацистер тарапынан тәркіленіп, ондаған жыл бойы СС генералының ұрпақтарының қолында сақталған.
Жак Гудстиккер Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Нидерландтағы ең ірі өнер туындыларының саудагері болған. 1940 жылы нацистік Германия Нидерландты басып алғаннан кейін ол елден қашуға әрекет жасағанымен, жолда қаза тапты. Ал Нидерландта қалған мыңнан астам өнер туындысынан тұратын оның бай коллекциясын кейін нацистер талан-таражға салған.
Хендрик ван дер Бург Делфт кескіндеме мектебінің көрнекті өкілі саналады. Ол тұрмыстық көріністерді, ғимараттардың интерьерлерін және қала көріністерін бейнелеген. Оның шығармашылығынан нидерланд кескіндемесінің әйгілі шебері Питер де Хохтың ықпалы анық байқалады. Суретші 1649 жылы Делфттегі Әулие Лука гильдиясының мүшесі атанып, кейін Лейден мен Амстердам қалаларында еңбек еткен.
Амстердамдағы бұл олжа Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жоғалып кеткен өнер туындыларының әлі күнге дейін табылып жатқанын көрсететін кезекті мысал болды. Енді картина нацистік оккупация жылдары тоналған әйгілі коллекцияның заңды мұрагерлеріне қайтарылады.
Мазмұнға өту
