Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен партия Саяси кеңесінің отырысы өтті. Жиында барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында бірігуге шақырған мәлімдеме қабылданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Отырысқа Саяси кеңес пен партия бюросының мүшелері, Орталық аппарат басшылығы, өңірлік филиалдардың төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.
Ерлан Қошанов өз сөзінде Мемлекет басшысының Ту көтеру рәсімінде ел дамуының жаңа бағытын айқындап, барлық прогрессивті күштерді жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне топтасуға шақырғанын атап өтті. Осыған орай, «Amanat» жауапты саяси партия ретінде Президент үндеуін толық қолдап, елді дамытуға бағытталған президенттік күн тәртібін жүзеге асыруға дайын барлық күштермен әлеуетін біріктіруге дайын екенін жеткізді.
«Біз осы тарихи кезеңнің маңызын терең түсінуіміз керек. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Ешқандай асыра сілтеусіз айтар болсақ, бұл – халқымыз қолдаған Президентіміздің аса ірі жетістігі әрі саяси жеңісі. Енді біздің алдымызда жаңа Конституцияда белгіленген барлық мақсатты жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл – жалғыз атқаруға келмейтін күрделі жұмыс. Ол бізден жұдырықтай жұмылуды, бірлік пен келісімді талап етеді. Қоғамға жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуіміз қажет», деді Е.Қошанов.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жаңа Конституция күшіне енуінің тарихи маңызын атап, қоғамдық-саяси күштерді мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттері төңірегінде топтасуға шақырды. Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев Президент бастамашы болған реформалар өңірлердің серпінді дамуына ықпал етіп, азаматтардың өзгерістерге сенімін нығайтып отырғанын айтты.
Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Нұрбек Қарасаев мемлекеттің ауқымды қоғамдық-саяси жаңғыруы жағдайында қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың маңызына тоқталды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ата заңның күшіне енуі жаңа саяси кезеңді ашатынын айтып, ел тәуелсіздігін нығайту жолында күш-жігерді біріктіруге шақырды.

