Сурет: ЭТРМ
Алтын-Емел ұлттық паркінде қасқыр мен құланның суат басындағы күтпеген кездесуін фототұзақ түсіріп қалды. Бір-бірін байқағанымен, екі жануар жыртқыштық танытпай, арақашықтықты сақтап, су ішуді жалғастырған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандағы «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінде фототұзақ ерекше көріністі тіркеді. Суат басына келген қасқыр мен құлан бір-біріне тап болды.
Жыртқыш пен оның ықтимал жемтігі бірін-бірі бірден байқап, сақтық танытты. Алайда бұл жолы аңдысу болмады. Жануарлар арақашықтықты сақтап, әрқайсысы өз ісімен айналысып, су іше берді.
Осылайша, табиғаттағы күтпеген кездесу тыныш аяқталды. Фототұзаққа түскен кадрлар жабайы жануарлардың табиғи ортадағы мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Тарбағатай тауларында Қызыл кітапқа енген арқарлар мен Түркістан сілеусіні фототұзаққа түскен еді. Бұл парк аумағында сирек кездесетін жануарлар үшін табиғи ортаның қолайлы сақталғанын көрсетеді.
Жаздың басында Маңғыстау облысындағы Үстірт қорығы аумағында Түрікменстаннан келген қабылан да фототұзаққа түскен болатын.
Мазмұнға өту
