Сурет: Egemen Qazaqstan
Алматының құрметті азаматы, белгілі ғалым және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Асылы Әлиқызы Осман II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жоғары мемлекеттік награда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілді. Оны Президент атынан Алматы әкімі Дархан Сатыбалды табыстады.
Асылы Осман Мемлекеттік тіл қауымдастығын басқарады. Ол өмірін қазақ тілін дамытуға, оның мәртебесін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық келісімді нығайтуға арнады. Ғалымның қазақ тілінің ерекшелігі мен құрылымына арналған ғылыми-зерттеу еңбектері тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол 200-ден астам ғылыми және аударма мақаланың авторы.
Мемлекет басшысы құттықтауында Асылы Османның ел алдындағы еңбегін жоғары бағалады.
«Мемлекеттік тіл саясатының мәні мен маңызын көпшілікке ұғындыра отырып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін оятуға әрі ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қосқан үлесіңіз зор екені анық. Қазақстанның тұрақтылығын сақтау, қоғамның бірлігін және ұлтаралық келісімді нығайту жолындағы белсенді қызметіңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге», делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Асылы Османның қаланың қоғамдық және мәдени дамуына, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Алматының қоғамдық және рухани-мәдени өміріне белсене атсалысқаны үшін Асылы Османға Алматы қаласының құрметті азаматы атағы берілген. Ол бұған дейін II дәрежелі «Достық» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Асылы Осман II дәрежелі «Барыс» орденімен қоғамдық және мәдени қызметтегі айрықша еңбегі үшін марапатталды.
Мазмұнға өту
