Сурет: Айнаш Есали, EQ
Академик Асқар Жұмаділдаевтың мерейтойына орай өткен олимпиадада екі мұғалім жаңа көліктердің кілтін иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында физика және математика пәндерінің жас мұғалімдері арасында өткен қалалық пәндік олимпиадада топ жарған екі ұстаз су жаңа көліктердің кілтін алды. Білім додасына Алматыдағы 75-тен астам мектептен 115 жас мұғалім қатысып, 45-і жүлделі орындарға ие болды.
№208 мектеп-гимназияның математика мұғалімі Еркегүл Шынарбек 38 ұпай жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті. Ол жеңістің тосын болғанын айтады.
«Олимпиадаға жеңіс үшін емес, өзімізді тұрақты түрде дамыту үшін қатысамыз. Бұл жолғы жеңіс тосынсый болды. Нәтижені көрген кезде өте қатты толқыдым. Педагог мамандығы тұрақты түрде даму талап етеді, біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Сондықтан бұл нәтижеге ұдайы ізденістің арқасында жетіп отырмыз деп ойлаймын. Қуаныштымын!»
Физика пәнінен №126 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айсана Советхананың жетістігі жоғары бағаланып, көлікке ие болды. Олимпиада қорытындысы бойынша Гран-приден бөлек, бес мұғалім І орын, 12 педагог ІІ орын, 26 қатысушы ІІІ орын иеленді.
Бастамаға академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойы мұрындық болды. Ол бұл олимпиадалардың ғылым мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар екенін атап өтті.
«Мұндай олимпиадалар – ғылымның мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бір жағынан, үкімет те қолдау көрсетіп жатыр. Біз осы іске шынайы араласып, атсалысуымыз керек. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға көмектесіп жүрген азаматтардың көбі – менің шәкірттерім. Олар осындай байқау ұйымдастырып, мұғалімдерге білімін көрсетуге керемет мүмкіндік сыйлап отыр. Соған қуаныштымын», деді академик Асқар Жұмаділдаев.
Олимпиаданы ұйымдастыруға көрнекті математиктің шәкірті, Beta High School-дың негізін қалаушы Бақнұр Зиябеков демеушілік көрсетті. Іс-шара Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық және Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығының бірлесуімен өтті.
«Біз ұстазымыздың мерейтойына орай екінші рет олимпиада өткізіп, дәстүрге айналдырып отырмыз. Біз үшін ең бастысы – жас мұғалімдерді қолдай отырып, білімді тәжірибеде қолдана білу дағдысын дамыту. Оқушылардың зияткерлік әлеуеті мен математикалық сауаттылығы ең алдымен білім сапасы білікті ұстазбен байланысты», дейді Beta High School директоры Бақнұр Зиябеков.
Бұған дейін биыл көктемде Beta High School жас математиктер арасында республикалық олимпиада өткізіп, бұл бастама ұстаздардың мәртебесін арттыруда мемлекеттік құрылымдар мен білім беру саласындағы серіктестердің өзара ықпалдастығының нәтижелі үлгісіне айналды. Гран-при иегерлеріне автокөліктердің табысталуы педагогтарға құлшыныс сыйлаған айрықша марапат болды.
Мазмұнға өту
