Сурет: Egemen Qazaqstan
Қырғызстанда түнде магнитудасы 4,7 болатын жер сілкінісі тіркелді. Осыдан кейін Алматы тұрғындарының ұялы телефондарына көрші елде қайталама жерасты дүмпулері болуы мүмкін екені туралы шұғыл ескерту хабарламасы келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жер сілкінісі Астана уақытымен 01:41-де Қырғызстанның Нарын облысында тіркелді. Ресми мәлімет бойынша оның магнитудасы 4,7 болған. Қырғызстанның елді мекендерінде жер сілкінісінің күші 3-5 балл аралығында сезілген.
Алматы тұрғындарының смартфондарына төтенше жағдайлар қызметінен ескерту хабарламасы жіберіліп, онда ықтимал қайталама жерасты дүмпулеріне дайын болу ұсынылды. Осыдан кейін қала тұрғындары әлеуметтік желілерде бұл жағдайды қызу талқылай бастады. Көпшілігі мұндай хабарлама өздерін алаңдатқанын айтты.
Жалпы Алматы қаласының өзінде жер сілкінісі сезілген жоқ.
Қазақстанның Ұлттық деректер орталығы Қырғызстан аумағында жер сілкінісі болғанын растады. Алайда еліміздің аумағында оның сезілгені туралы ақпарат түспеген.
Мазмұнға өту
