Сурет: Egemen Qazaqstan
Алматы тауларында жоғалып кеткен шетелдік турист аман-есен табылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметіне бір күн бұрын туристің жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Саяхатшы Мыңжылқы үстіртіне жаяу шығып, байланысқа шықпаған.
23-әмбебап құтқару бөлімшесінің құтқарушылары туристің жүруі мүмкін бағытын анықтау үшін бақылау бекетіндегі және Мыңжылқы үстіртіндегі бейнебақылау камераларының жазбаларын қарады. Іздестіруге құтқарушылар экипажы шықты. Маршрутты тексеру және туристерден сұрастыру кезінде ер адам Кіші Алматы шатқалында, Шымбұлақ пен Мыңжылқы арасындағы жолдан табылды.
66 жастағы Ресей Федерациясының азаматына медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оны құтқару бекетіне дейін жеткізді.
Тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, баратын бағытыңыз бен оралатын уақытыңызды жақындарыңызға хабарлаңыз және байланыс құралдарынсыз жолға шықпаңыз, — деп ескертеді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Мазмұнға өту
