Сурет: Instagram @nelliksun
Талғар ауданындағы Северцов мұздығынан табылған адам сүйегінің иесі анықталды. Әлеуметтік желідегі суреттерден жоғалған ер адамның қызы Нелля Михеева әкесінің рюкзагын таныған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Newtimes порталының мәліметінше, суретті оған алғашында құрбысы жіберген.
«Бұл шынымен әкеме тиесілі рюкзак. Өйткені ол – ескі кеңестік станокты рюкзак. 2007 жылы тауға дәл осындай рюкзакпен басқа адамның шығуы екіталай», деді Нелля Михеева.
Кейін суретті оның күйеуі де байқап, әйел құтқарушылармен байланысқа шыққан. Құтқарушылар оған істі тергеп жатқан маманның байланыс нөмірін берген.
Полицияның өтініші бойынша отбасы сақталған құжаттар мен ескі фотосуреттерді, соның ішінде ер адамның сол рюкзакпен түскен суреттерін жіберген.
Кейін тергеуші туыстарымен қайта байланысып, рюкзактың ішінен жоғалған ер адамның атына жазылған жеке куәлік табылғанын хабарлаған.
Отбасы үшін бұл жаңалық ауыр болғанымен, ұзақ жылдар бойы жауапсыз қалған сұраққа жауап берген. Ер адамның тағдыры 19 жыл бойы белгісіз болып келген.
«Бұл жаңалықтан қазір қандай сезімде екенімді өзім де білмеймін. Бір жағынан, оқиғаның осындай қайғылы жолмен болса да аяқталғанына, оны тапқанымызға қуаныштымын. Енді оны жер қойнына тапсыра аламыз. Екінші жағынан, бәрін қайта бастан өткеріп жатқаным ауыр», деді Михеева.
Айта кетейік, сүйекті Северцов мұздығынан 16 тамызда екі апталық жорықтан түскен Беларусь туристері тапқан. Олар төтенше қызметтерге табылған жердің координаттарын, фото және бейнематериалдарды жіберген.
19 тамызда оқиға орнына «Қазавиаспас» тікұшағы ұшып барып, құтқарушылар сүйекті эвакуациялаған. Жұмысты таулы жердің қолжетімсіздігі, тік беткейлер мен биік таудағы күрделі жағдай қиындатқан.
Дегенмен полиция әзірге сүйектің нақты осы адамға тиесілі екенін ресми түрде растаған жоқ. Рюкзактан табылған жеке куәлік пен туыстарының мәліметтері оның кім екенін анықтауға негіз болып отыр. Соңғы қорытындыны құқық қорғау органдарының сараптамасы шығарады.
Мазмұнға өту
