Қоғам

Алматы онкология орталығында дәрі дайындауда робот қолданысқа енгізілді

Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматы онкология орталығында роботтандырылған дәріхана кешені мен дәрілік препараттарды герметикалық жағдайда сұйылту жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа технология препараттарды қабылдау мен сақтаудан бастап, оларды сұйылту және пациенттерге жеткізуге дейінгі барлық кезеңдерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Әрбір дәріге арнайы код арқылы жеке цифрлық сәйкестендіру беріліп, онымен жасалған әрбір әрекет жүйеде тіркеледі. Бұл мамандарға препараттың келіп түскен сәтінен бастап пациентке берілгенге дейінгі қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік береді.

Онкологиялық қызмет үшін бұл өте маңызды, себебі дәрілік заттардың дәлдігі мен қауіпсіздігі емдеу сапасына тікелей әсер етеді.

Цифрландыру Алматыда онкологиялық көмектің тиімділігі артып келе жатқан кезеңде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта орталықта қала бойынша диспансерлік есепте 38 мыңнан астам пациент тұр, ал жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есеге өскен.

Сонымен қатар, бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46%-дан 75%-ға дейін артты.

Жаңа жүйе дәрілік препараттардың дозасын дәл сақтауға, қателіктер қаупін азайтуға және дәрі дайындау процесін толық бақылауға мүмкіндік береді.

Көп оқылғандар