Басты тақырып

Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылып, жаңғыртылады

Сурет: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы ипподромы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Нысан тарихи және спорттық мақсатын сақтай отырып, біртұтас кешен ретінде қалады. Аумақтың функционалдық аймағын немесе жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жоспарланбаған.

Енді ипподромды дамыту тұжырымдамасы әзірленбек. Спорттық функциясын қалпына келтіру, инфрақұрылымды жаңғырту, трибуналарды, ат қораларды, спорт жолдары мен инженерлік желілерді жаңарту көзделуде.

1930 жылы құрылған Алматы ипподромы Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең көне ат спорты нысандарының бірі. Оның ауданы 39,1 гектарды құрайды.

Кешен айтарлықтай тозғандықтан, қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жаңғыртудан кейін ипподром негізгі мақсаты бойынша пайдаланылып, онда қалалық және республикалық жарыстар өткізіледі.

Көп оқылғандар