Қоғам

«Алматы – Бішкек» жолында ірі жүк көліктеріне шектеу енгізіледі

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Алматы – Бішкек» автожолында ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

2026 жылғы 11 қыркүйектен бастап республикалық маңызы бар жолдың 25-шақырымында, Қаскелең қаласы маңында көлік айрығының монолитті аралық құрылысын орнату жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты биіктігі 4,5 метрден және ені 8 метрден асатын көліктердің өтуіне тыйым салынады.

Шектеу 2026 жылдың соңына дейін, яғни құрылыс толық аяқталғанша күшінде болады. Жеңіл және жолаушылар көліктері, сондай-ақ белгіленген габариттен аспайтын жүк көліктері еркін жүре алады.

«Ірі габаритті және ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерінен маршрутты алдын ала жоспарлап, балама бағыттарды пайдалануды, сондай-ақ шектеулерге түсіністікпен қарап, жол белгілері мен қауіпсіздік талаптарын сақтауды сұраймыз», делінген хабарламада.

Бұған қоса, «Алматы – Төңкеріс – Байсерке – Междуреченское – «Астана – Алматы» жолының 20-шақырымынан (Көктерек ауылы) 51-шақырымына (Ақсай ауылы) дейінгі аралықта жүк көліктеріне уақытша шектеу енгізілген.

Көп оқылғандар