Қоғам

Алдағы үш күнде кей өңірлерде найзағай ойнап, бұршақ жауады

Сурет: «Қазгидромет»

«Қазгидромет» алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, елдің кейбір аймақтарында найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың жекелеген аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сондай-ақ бұршақ жаууы және желдің күшеюі ықтимал. 11 тамызда солтүстік өңірлер мен оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда қатты жаңбыр күтіледі.

Тек Қазақстанның орталығы мен оңтүстігінде ғана жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Солтүстік-батыста, солтүстікте және шығыста түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.

Күндіз ауа температурасы батыста және орталықта +27…+39°С, солтүстік-батыс пен солтүстікте +25…+35°С, шығыс пен оңтүстік-шығыста +30…+42°С, оңтүстікте +37…+44°С болады.

Айта кетейік, синоптиктер бүгін бірқатар өңірде күн ыстық болатынын хабарлаған еді. Бұған дейін «Қазгидромет» тамызда құрғақшылық болуы мүмкін өңірлерді атаған. Болжам бойынша, Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда және Жәнібек аудандарында, Ақтөбе облысының Шалқар мен Ырғыз аудандарында, Атырау облысының Құрманғазы ауданы мен Алматы облысының Балқаш ауданында құрғақшылық күтіледі.

Көп оқылғандар