Сурет: Egemen Qazaqstan
Алатау қаласында Iconic Complex жобасы іске қосылды. Жобаға 800 млн АҚШ доллары инвестиция салынады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасы Іле Алатауының табиғи келбетіне негізделген. Ғимараттардың пішіні мен қасбеттерінде тау бедері, жартастардың қырлары мен мұз өрнектері көрініс тапқан. Кешеннің сәулеттік келбетін биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара айқындайды.
Кешен құрамына кеңселер, апартаменттер, қонақүй, сауда орталығы және қоғамдық кеңістіктер кіреді. Жоба қаланың жаңа іскерлік орталығын қалыптастыруға бағытталған. Құрылыстың бас мердігері – China State Construction Engineering Corporation (CSCEC). Сәулеттік тұжырымдаманы америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) бюросы әзірлеген.
Жобаны 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2026 жылғы 2 маусымда Алматы облысына жасаған жұмыс сапары кезінде таныстырылды.
Салтанатты шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов, CSCEC International директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бо, SOM бюросының Еуропадағы бөлімшесінің басшысы Габриэле Пасколини, Алатау қаласы кеңесінің мүшесі Юрий Цхай және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
«Бүгін біз Алатау қаласының дамуындағы маңызды кезеңге жетіп отырмыз. Iconic Complex жобасы іске асыру кезеңіне өтіп, қаланың жаңа келбетінің бір бөлігі болмақ. Кешен Алатаудың көрнекті нысандарының бірі әрі біз қалыптастырып жатқан заманауи қалалық ортаның үлгісіне айналады деп күтілуде. Қазіргі уақытта Алатау қаласының инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,9 млрд АҚШ долларын құрайтын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген», – деді Қанат Бозымбаев.
«CSCEC International үшін Алатаудағы Iconic Complex жобасы стратегиялық маңызы бар басым жобалардың бірі. Біз құрылысты жоғары стандарттарға сай жүргізіп, үздік мамандар мен қажетті ресурстарды жұмылдырамыз. Жобаға қатысушылармен бірлесе отырып, ұлттық маңызы бар жаңа сәулет нысанын салуды көздеп отырмыз», – деді Гао Бо.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Алатаудың арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заңның нормалары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қала кеңесі мен Alatau City Authority жұмысын бастады.
Мазмұнға өту
