Сурет: Туризм және спорт министрі
Мемлекет басшысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауын қорғайтын бөгет салуға 3 млрд теңге бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бөлінген қаражат ұзындығы 6 шақырым болатын қорғаныс бөгетін салуға жұмсалады. Оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылының, ал 3,5 шақырымы Ақши ауылының жағалауында орналасады.
«Жобаның жүзеге асырылуы Алакөл жағалауының одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи тасымалдануы мен қайта бөліну жүйесін сақтауға мүмкіндік береді. Қорғаныс инфрақұрылымын қалыптастыру өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және демалушылар мен жергілікті тұрғындар үшін жағдай жасауға ықпал етеді», делінген Үкімет хабарламасында.
Үкімет мәліметінше, 2025 жылы жобаның алғашқы кезеңі аясында 1,7 шақырым аумақта жағалауды нығайту, жер қазу, бетон құю және габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 25 пайызы орындалған.
Ал соңғы екі жылда Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен басқа да гидротехникалық құрылыстар салынған.
Мазмұнға өту
