Қоғам

Аида Балаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада Халықаралық жастар күніне орай салтанатты шара өтіп, онда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері марапатталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік салаларында үздік деп танылған 30 жобаның авторы жиналды. Олардың әрқайсысына идеясын жүзеге асыру үшін 3 миллион теңгеден грант сертификаты табысталды.

Қазақстан Президентінің жастарға арналған құттықтауын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Құттықтауда еліміздің барлық саласында түбегейлі реформалар жүріп жатқаны, ал жаңа Конституция елдің одан әрі дамуына жол ашқаны айтылған.

«Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгін табысталатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – соның жарқын көрінісі. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын үздіктер сайысы озық ойлы, отаншыл, білімді әрі еңбекқор азаматтардың басын қосып отыр», делінген құттықтауда.

Аида Балаева Мемлекет басшысының құттықтауы жастарға деген құрмет пен сенімнің, сондай-ақ ел болашағы үшін жауапкершіліктің көрінісі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Президенттің стратегиялық бағыты Қазақстанның ұзақмерзімді дамуын айқындайды, ал білімді, жаңашыл жас ұрпақ – мемлекеттің басты капиталы.

Сонымен қатар вице-премьер соңғы бес жылда елімізде 1,5 миллионға жуық жас жұмыспен қамтылғанын, 192 мың жас кәсіпкерлік негіздерін меңгергенін, 23 мыңға жуық азамат мемлекеттік грант алғанын атап өтті. «Наурыз», «Отау» және өңірлік ипотекалық бағдарламалар арқылы 13 мыңға жуық жас баспаналы болды.

2026 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына 2200-ден астам өтінім түсіп, оның 1745-і конкурс талаптарына сай деп танылған. Оның ішінде «Бизнес» бойынша – 663, «Ақпараттық технологиялар» – 383, «Ғылым» – 218, «Мәдениет» – 174, «Медиа» – 158, «Волонтерлік» – 149 өтінім болған.

Бұл грант Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы тағайындалған. Сол кезеңнен бері оның иегері атанған жастардың жалпы саны 153-ке жетті.

Көп оқылғандар