Сурет: Отбасы банк
Алатау қаласындағы «Gate City» тұрғын үй кешенінде әскери қызметшілер мен мемлекеттен тұрғын үй төлемін алушыларға арналған арнайы бағдарлама таныстырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«30/70» деп аталған қанатқақты жобаны жүзеге асыру мақсатында «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен «Nest Stroy» ЖШС Бас директоры Александр Нестерцов екіжақты келісімшартқа қол қойды. Жоба азаматтардың баспанаға қол жеткізуін жеңілдетіп, жалдамалы пәтерге жұмсалатын қаражатты өз үйін сатып алуға бағыттауға мүмкіндік береді.
2023 жылдан бері «Gate City» тұрғын үй кешенінің құрылысын «Nest Stroy» компаниясы жүргізіп келеді. Бүгінде қалашықта 9 қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, «Отбасы банкінің» салымшылары баспана кілтін алып, өз пәтерлеріне қоныстанып үлгерген. Тоғыз жолдың торабында орналасқан кешен аумағында «Жайлы мектеп» салынып, биылғы оқу жылында пайдалануға берілді. Алдағы уақытта балабақша салу жоспарланған. Тұрғын үйлердің ауласында балалардың ойын алаңдары мен шағын футбол алаңдары жабдықталып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ компания жаңа пәтерлерді заманауи жиһаздармен қамтамасыз етіп отыр.
«Бүгін өздеріңіз көргендей, «30/70» келісімшартына қол қойылды. Бұл келісімшарттың өзге бағдарламалардан басты айырмашылығы – егер де сіз тұрғын үй төлемақысын мемлекеттен алсаңыз және керекті соманың 30 пайызы жиналса онда сіз осында келіп, пәтерді таңдап, 11 ай жалдамалы пәтер ретінде тұра аласыз. Осы 11 айдың ішінде сіздің депозитіңізге пәтер құнының 10 пайызы жиналады. Одан кейін «Nest Stroy» компаниясы пәтер алушыға тағы да үстінен 10 пайыз қосып береді. Сонда сіз 20 млн теңгеге пәтер таңдасаңыз 11 айдың ішінде 200 мыңнан төлесеңіз, 20 миллион теңгеден жиналған 2 млн 200 мың теңгені шегеріп тастайсыз. Одан кейін банк пәтердің қалған құнын 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен рәсімдеп береді. Егер осы жоба жыл соңына дейін оң нәтиже көрсетсе, құрылыс компаниясы бұл бағдарламаны одан әрі жалғастыруға ниетті», дейді «Отбасы банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Қуаныш Ұласбеков.
«30/70» бағдарламасы әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне арналған. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғын үй төлемдерін алушылардың баспана мәселесін шешуге көмектесу. Әсіресе, Алматының Қонаев бағытында орналасқан әскери бөлімдерде қызмет ететін азаматтар үшін «Gate City» қалашығынан пәтер алу тиімді болмақ.
Мазмұнға өту
