Басты тақырып

Әскери институт курсанты дрондарға қарсы құрылғы жасап шығарды

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы әрекет етуге арналған құрылғы жасап шығарды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

3-курс курсанты Шыңғысхан Шынтеміров әзірлеген шағын радиоэлектрондық ықпал ету құрылғысы басқару және байланыс арналарын анықтап, радиоэлектрондық кедергілер арқылы дрондардың жұмысын шектеуге арналған. Сонымен қатар құрылғы Wi-Fi желілерін бұғаттап, оларды арнайы операциялар кезінде қолдануға мүмкіндік береді.

«Бүгінде инженер тек қолданыстағы технологияларды меңгеріп қана қоймай, нақты міндеттерге сай жаңа шешімдер әзірлей білуі қажет. Сондықтан біз курсанттарды алғашқы курстан бастап ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарына тартамыз. Өз жобаларымен жұмыс істеу олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, талдау жасауға, тәжірибе жүргізуге және тың шешімдер табуға үйретеді. Дәл осындай құзыреттер болашақ офицерлердің кәсіби дамуының негізін қалыптастырып, қазіргі қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік береді», деді Радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күрес кафедрасының аға оқытушысы, жоба жетекшісі подполковник Александр Кушнарев.

Институттағы тағы бір перспективалы жобаны курсант Василий Копильцев әзірлеген. Оның Under Car Vision жүйесі автокөліктердің астыңғы бөлігін тексеруге арналған. Құрылғыны стационарлық бақылау бекеттері мен арнайы тексерулерде пайдалануға болады.

Көп оқылғандар