Басты тақырып

Әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған мәлімдеме жасаған жігіт 3 жылға сотталды

Сурет: istockphoto.com

23 жастағы Астана тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат жариялап, ақша таппақ болған. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу дерегінше, сотталған азамат биыл ақпанда анонимді аккаунт арқылы әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғаны және өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы ойдан шығарылған жазба жариялаған. Ол шетелге кету үшін қаржылай көмек сұрап, жазбаға банк шотының деректемелерін қоса тіркеген.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сонымен қатар күдіктінің ешқашан әскери қызмет атқармағаны белгілі болды. Тергеу барысында оның ақша жинау үшін мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланғаны анықталды. Екі күн ішінде бұл шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен, — делінген ІІМ хабарламасында.

Аталған факті бойынша алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптарымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тергеу кезінде жалған ақпаратты тек заңсыз пайда табу мақсатында таратқанын мойындаған. Сот оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Көп оқылғандар