Сурет: Egemen Qazaqstan
Жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік білім беру гранттарына конкурс жарияланды. Әкімдіктер жыл сайын өңірлер үшін маңызды мамандықтар бойынша кадрларды мақсатты даярлауға грант бөледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биыл жергілікті атқарушы органдар бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша оқуға 2392 грант бөлді. Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант ұсынды. Батыс Қазақстан облысы – 211, Абай облысы мен Түркістан облысы – 200-ден, Ақмола облысы – 199, Қарағанды облысы – 198, Атырау облысы – 187, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді. Қалған өңірлердің әрқайсысы шамамен 100 грант ұсынды.
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруі тиіс. Өтінішке білім туралы құжат, ҰБТ сертификаты, жеке куәліктің көшірмесі және жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болса) қоса тапсырылады.
Құжат қабылдау мерзімі туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан білуге болады. Гранттарды беру туралы шешімді әкімдік жанындағы арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
Мазмұнға өту
