Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтті. Партия төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды бағдарлама ауқымды сараптамалық және қоғамдық жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Съезде жаңартылған бағдарлама бекітілді. Құжат сегіз бағыттан тұрады. Оларды партияның Саяси кеңес мүшелері таныстырды. Бағдат Мусин цифрлық мемлекетті дамыту бастамаларын ұсынды. Замира Кузиева өңірлерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ренат Бектұров әділетті экономика жөніндегі ұсыныстарын айтты. Динара Зәкиева әлеуметтік саясат бағытын ұсынды. Лаура Қарабасова адами капиталды дамытуға тоқталды. Қарлығаш Жаманқұлова мәдениет саласындағы бастамаларды таныстырды. Ирина Тен экологиялық күн тәртібі бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
«Бүгін бекітілген партияның сайлауалды бағдарламасы кабинетте отырып жазылған жоқ. Оның негізіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың стратегиялық бастамалары, әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы, «Әділет» партиясы өткізген көптеген стратегиялық талқылаудың нәтижесі, сондай-ақ азаматтардың ұсыныс-пікірі мен жетекші сарапшылардың ұсыныстары арқау болды», деді Айбек Дәдебай.
Оның айтуынша, құжат алдағы жұмыстың бағыттарын айқындап қана қоймай, қоғам үшін өзекті мәселелерді шешетін тәсілдерді көрсетеді. Бағдарламаның басты ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың емес, азаматтардың мүддесіне негізделуі. Әрбір бөлімнің өзегінде нақты адам, оның тұрмыс-тіршілігі, мүддесі, үміті мен қажеттілігі тұр.
Съезде Құрылтай сайлауына партиялық тізім бекітілді. «Әділет» партиясы 186 кандидаттан тұратын тізім ұсынды. Құрамына ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық сала, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам өкілдері енді.
Мазмұнға өту
