Categories Саясат

«Әділет» партиясына өтінімді онлайн форматта беру мүмкіндігі пайда болды

Сурет: ашық дереккөз

«Әділет» партиясы азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтінім қабылдаудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосты. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселесіне арналған Іскерлік кеңес алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Енді ел тұрғындары бірнеше минут ішінде онлайн режимде партияға жүгініп, бастама ұсына алады, қандай да бір мәселе туралы хабарлай алады немесе партия қатарына қосыла алады. Жаңа сервис қоғамдық қабылдаулармен, жеке қабылдаулармен және жазбаша өтініштермен қатар азаматтармен байланыстың қосымша арнасына айналады. Оған партияның ресми сайты немесе бірыңғай QR-код арқылы өтуге болады.

Партияның мәліметінше, пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін өтінімдер 26 бағыттан тұратын бірыңғай тақырыптық рубрикатор бойынша жүйеленген. Бұл бағыттар мемлекеттік басқару, цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, экономика, кәсіпкерлік, ТКШ, көлік, экология, ауыл шаруашылығы, азаматтардың құқықтары және басқа салаларды қамтиды.

Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың айтуынша, бұл платформаның іске қосылуы еліміздің цифрлық трансформацияға бағытталған стратегиялық бағдарына толық сәйкес келеді. «Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан заманауи тәсілдерді, жедел шешім қабылдауды және мемлекеттік институттарды тұрақты жаңғыртуды талап ететін жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ Президент цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында бұрынғыдан да жылдам әрі тиімді жұмыс істеудің маңызына ерекше назар аударды», деді Айбек Дәдебай.

Өтінім беру барысы барынша жеңілдетілген және оған небәрі бірнеше минут уақыт қажет. Ол үшін QR-код арқылы өту немесе партияның ресми сайтына кіру, қажетті сервисті таңдау, eGov Mobile қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, жеке басын растау және өтінім жолдау жеткілікті. Өтінім жолданған соң, автоматты түрде бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Қаралғаннан кейін өтінім иесі көрсетілген байланыс деректері бойынша ресми жауап алады.

Ұқсас жазбалар

Теңге получил конституционный статус национальной валюты Казахстана 01.07.2026

С сегодняшнего дня в Казахстане вступила в силу новая Конституция, принятая на республиканском референдуме. Обновленный…

Жаңа Конституция: жедел даму қалалары және Алатаудың бірегей экономикалық экожүйесін іске қосу

Бүгін, 2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Онда өңірлерді жедел дамытудың…

Табиғатқа жанашырлық алғаш рет конституциялық міндетке айналды: еліміздің жаңа Ата Заңы күшіне енді

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Бұл құжат мемлекет, қоғам және әрбір…