Сурет: Әділет партиясы
«Әділет» партиясы кезектен тыс III Съезінде делегаттар жаңа Конституцияны ескере отырып, партия Жарғысына өзгерістер мен мүшелік жарна мөлшерін бекітті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Съез күн тәртібіне сайлауалды бағдарлама, Құрылтай депутаттығына партиялық тізім, Жарғыға өзгерістер, жарна мөлшері және қорытынды Қаулы қабылдау енгізілді. Алдымен делегаттар ұйымдық даму мәселелерін қарады.
Жарғының жаңа редакциясын партия Саяси кеңесінің мүшелері Бекжан Әлімқұлов пен Гүлзира Атабаева таныстырды. Олар құжаттың жаңа Конституция мен заңнама өзгерістеріне сәйкес әзірленгенін атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға жол ашты, ал 1 шілдеден бастап партияның басым бағыты – жаңа конституциялық қағидаттарды іске асыру.
Жарғының 40 ережесіне өзгеріс енгізіліп, олар үш блокқа топтастырылды. Бірінші блок – Жарғыны Конституция мен заңнамаға сәйкестендіру, екіншісі – партияішілік басқару жүйесін жетілдіру, үшіншісі – редакциялық және жүйелік жақсарту. Нәтижесінде Жарғы бірізді, қисынды және қолдануға ыңғайлы болмақ.
«Заманауи Жарғы – шешім қабылдау тәртібін, жауапкершілікті бөлуді, басқару тиімділігін және бірыңғай стандарттарды айқындайтын құжат. Өзгерістер партияны прогрессивті, мобильді әрі уақыт талабына жауап беретін саяси ұйымға айналдырады, бірақ негізгі құндылықтар сақталады», – деді Гүлзира Атабаева.
Жаңартылған Жарғыда партияішілік басқаруды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінген. Бекжан Әлімқұловтың айтуынша, өзгерістер жоғары органдардың стратегиялық рөлін, шешім қабылдау жеделдігін, цифрлық құралдарды және бірыңғай стандарттарды үйлестіретін заманауи басқару моделін қалыптастырады.
Съезде мүшелік жарна мөлшері де бекітілді: жұмыс істейтіндер үшін – 0,1 АЕК, студенттер үшін – 0,01 АЕК. Зейнеткерлер, мүгедектер, бала күтімі демалысындағы ата-аналар және мүгедек балалардың заңды өкілдері жарна төлеуден босатылды.
Мазмұнға өту
