Сурет: Egemen Qazaqstan
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай партияның III кезектен тыс Съезін шақыру туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қаулыға сәйкес, партияның III кезектен тыс Съезі 2026 жылғы 10 шілдеде Астана қаласында өтеді. Съезге дайындық жұмыстары басталды. Іс-шараға партия делегаттары, өңірлік филиалдардың өкілдері, басшылық органдарының мүшелері және өзге де қонақтар қатысады.
Айта кетейік, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Әділет» партиясы өтінім қабылдаудың бірыңғай цифрлық сервисін іске қосты. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебай тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселесіне арналған Іскерлік кеңес алаңында мәлімдеді.
Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясымен бірігуі туралы шешімін қолдайтынын мәлімдеді. Президент бұл қадам елдегі реформаларды ілгерілетуге ықпал етіп, жалпыұлттық құндылықтар төңірегіндегі саяси күштердің топтасуына жол ашатынын атап өтті.
Маусым айының соңғы аптасында «Әділет» партиясында ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құрылды.

